Қарағанды облысында заңсыз балық аулау дерегі анықталды
Қарағанды облысында заңсыз балық аулау дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisis.kz.
Қарағанды облысында табиғатты қорғау бағытында өткізіліп жатқан "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер балық қорларын сақтау және қорғау мақсатында кешенді рейдтік жұмыстарды күшейтті. Тексерулер Балқаш көлі акваториясында да ұйымдастырылды.
31 қазан күні Қарағанды облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы және Приозерск қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Балқаш көлінде заңсыз балық аулаған азаматты анықтады. Моторлы қайық иесі балық аулауға қажетті рұқсат құжаттарын ұсына алмаған. Тексеру барысында 28 жастағы жергілікті тұрғынның тыйым салынған ау құралдарын пайдаланып, көксерке мен берш секілді бағалы балық түрлерінен 112 келі көлемінде заңсыз аулағаны белгілі болды. Табиғатқа келтірілген залал мөлшері 578 мың теңге деп бағаланды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Іс-шара басталғаннан бері Қарағанды облысының полицейлері табиғатты қорғау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесе отырып, шамамен 300-ге жуық рейдтік іс-шара өткізді. Бұл жұмыстарға облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау аймақтық инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, сондай-ақ "Охотзоопром" РМҚК орталық өңірлік филиалының өкілдері тартылды.
Нәтижесінде табиғат пайдалану саласында 154 құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Оның екеуі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қалғандары бойынша әкімшілік шаралар қабылдануда.
Қарағанды облысының полиция департаменті табиғатты қорғау бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатынын және браконьерлік әрекеттерге қатысты заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті.
