Қарағанды облысында жаңа заманауи жедел басқару орталығы іске қосылды
Қарағанды облысында заманауи жедел басқару орталығы іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика күні қарсаңында Қарағанды облысы Осакаров аудандық полиция бөлімінің ғимаратында жаңа жедел басқару орталығы ашылды. Іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов және Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов қатысты.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған орталық аудан көлеміндегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта орталыққа аудан орталығындағы қоғамдық орындар мен көшелерге орнатылған 109 бейнебақылау камерасы қосылған. Сондай-ақ 38 білім беру ұйымындағы 1203 бейнекамераның 913-і жүйеге енгізіліп, полиция қызметкерлері тәулік бойы онлайн бақылау жүргізіп отыр.
– Бүгін біздің бөлімде жаңа деңгейдегі жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Бұл – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға үлкен серпін беретін жоба. Орталық іске қосылғалы бері бейнебақылау жүйесі арқылы 45 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Осы істі жүзеге асыруға қолдау көрсеткен департамент басшылығына және аудан әкіміне алғыс білдіремін, – деді Осакаров аудандық полиция бөлімінің бастығы Азиз Жұмағазиев.
Бөлім басшысының айтуынша, алдағы уақытта бейнебақылау желісін кеңейту және адам көп жиналатын орындарда жасанды зият жүйесі бар интеллектуалды камералар орнату жоспарланып отыр. Аудан тұрғындары да бұл бастаманы оң қабылдауда.
– Аудан орталығында бейнекамералар орнатылып жатқанына қуаныштымыз. Себебі бақылау бар жерде – тәртіп бар. Ал тәртіп бар жерде заң бұзушылық азаяды. Сондықтан да мұндай камералардың саны артса дейміз, – дейді Осакаров кентінің тұрғыны Иван Естефеев.
Жаңа жедел басқару орталығының іске қосылуы – өңірдегі қауіпсіздікті арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
