Қарағанды облысында жас полицейлер Конституция күні қарсаңында ант қабылдады
Қарағанды қаласында Конституция күні қарсаңында ішкі істер органдарының қатарына жаңадан қабылданған 20 жас маман салтанатты түрде ант қабылдады. Іс-шара Қарағанды қалалық полиция басқармасының саптық алаңында өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты рәсімде жас қызметкерлерді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров құттықтап, ант қабылдаудың әрбір полиция қызметкері үшін маңыздылығына тоқталды.
- Бүгін біз барлығымыз үшін айрықша мәнге ие күн - Конституция күні қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл мереке - еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығының, құқық пен бостандықтың кепілі болып табылатын Ата Заңымыздың салтанатты күні. Осы орайда қатарымызға жас қызметкерлердің қосылып, Отан алдында адал қызмет етуге ант қабылдауы - ерекше тарихи сәт. Ант - әрбір полиция қызметкерінің жүрегінде мәңгі сақталатын қасиетті серт. Ол сіздердің кәсіби жолдарыңыздың бастауы әрі халыққа қалтқысыз қызмет етудің кепілі, - деді Жасқайрат Қайыров.
Жас полицейлердің арасында үш нәзік жанды қызметкер де бар. Солардың бірі - Айдана Ермекбай.
- Бүгін мен үшін ерекше күн. Өйткені еліміздің Ата Заңы күні қарсаңында ішкі істер органдарына қабылданып, ант еттім. Ендігі мақсатым - осы сертіме берік болып, елге қалтқысыз қызмет ету, - деді ол.
Салтанатты жиын барысында қызмет барысында өзін үздік қырынан көрсеткен бірқатар полиция қызметкері департамент бастығының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шара полиция қызметкерлерінің саптық шеруімен түйінделді.