Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында жас полиция сыныбы ашылды

Қарағанды облысында жас полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Ново-Узинка кентіндегі Мәшһүр Жүсіп атындағы мектепте тағылымды әрі маңызы зор бастама жүзеге асты. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тәртіпке баулу мақсатында жас полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Алтыншы сыныптың 10 оқушысынан құралған бұл сынып — кент тарихындағы алғашқы осындай бағыттағы жоба. Сыныпқа қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Рамазан Ахметовтың есімінің берілуі — құқық қорғау саласына адал қызмет еткен азаматқа көрсетілген зор тағзым мен құрметтің белгісі.

Жас полиция сыныбына Габиден Мұстафин атындағы кенттің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы Қайрат Иманбаев жетекшілік етеді. Ол 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде үздіктер қатарынан көрініп, республикалық деңгейде үздік үштікке енген тәжірибелі қызметкер. Алғашқы оқушылардың бұл батыл қадамы өзге де балаларды тәртіпке, әділдікке және отансүйгіштікке баулуға ықпал ететіні сөзсіз.

Бұқар жырау ауданының тумасы Рамазан Ахметов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1994 жылы әскер қатарынан оралған соң бастаған. Ол Октябрь аудандық ішкі істер басқармасында кезекшінің көмекшісінен бастап, Бұқар жырау ауданы полиция бөлімінің кезекші бөлімінің бастығына дейінгі қызмет сатыларынан абыроймен өтті. Жауапкершілігі мен жоғары адамгершілік қасиеттері оны әріптестерінің зор құрметіне бөледі. 2014 жылғы желтоқсанда жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза табуы әріптестері мен туған-туыстары үшін ауыр қайғы болды.

Марқұмның қызмет жолын ұлы Ернар Халимарденов  лайықты түрде жалғастырып келеді. Бүгінде ол Әлихан Бөкейхан атындағы полиция бөлімінде учаскелік инспектор қызметін атқарады. Ал оның інісі Жандос Ахметов те ішкі істер органдарында адал қызмет етіп, қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста.

Салтанатты шараға оқушылардың ата-аналары, кент тұрғындары, марқұмның туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Рамазан Ахметовтың жақындары сыныпқа оның өмір жолынан сыр шертетін жеке заттары мен фотосуреттерін табыстап, жас ұрпаққа тағылымды рухани мұра қалдырды.

– Әкемнің есімі берілген сыныптың ашылуы – біздің отбасы үшін үлкен мәртебе. Осы игі бастамаға қолдау көрсеткен аудандық полиция басқармасына, білім бөліміне және мектеп ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл сыныпта тәрбиеленген оқушылар елінің қорғаны болатын адал әрі отаншыл азамат болып өседі деп сенеміз, – деді Рамазан Ахметовтың ұлы Ернар Халимарденов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру