Қарағанды облысында "Жас сақшы" сыныптары ашылды
Қарағанды облысында "Жас сақшы" сыныптары ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Саран қаласындағы №7 мектеп-интернатта ерекше шара өтті. "Заң және тәртіп" идеологемасы мен "Адал азамат" тәрбие бағдарламасы аясында жаңа "Жас сақшы" сыныбының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды.
Бұл бастама жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың бойында патриоттық сезім мен заңға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Қарағанды облысының полиция департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп қолға алған жоба биылдың өзінде өңірдің алты мектебінде іске қосылды. Олар: Қарағанды қаласындағы №34 және №21 мектептер; Балқаштағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп; Теміртаудағы №17 мектеп; Приозерск қаласындағы №1 мектеп; Сарандағы №7 мектеп-интернаты.
Бүгінде 134 оқушы "Жас сақшылар" қатарына қосылып, бұл көрсеткіш күн сайын артып келеді.
Мұндай сыныптар тек оқушылардың ғана емес, ұстаздар, ата-аналар мен құқық қорғау органдары арасындағы байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуға және бірлескен жұмыс жүргізуге қолайлы орта қалыптастырады.
Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептерінде, соның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарында да бірыңғай "Адал азамат" тәрбие бағдарламасы енгізілмек. Бағдарламаның басты мақсаты – ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді қастерлейтін, адалдық пен әділдікке негізделген, белсенді азаматтық ұстанымы бар жас ұрпақты тәрбиелеу. Оның аясында адалдық, әділдік, жауапкершілік және патриотизм құндылықтарына баса мән берілмек.