Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында Жеңіс күніне орай спорттық шара өтті

Қарағанды облысында "Cool Games.KZ" белсенді ойыны өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылдың 8 мамыры күні Ұлы Жеңіс күнінің 80 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысында спорттық шара өтті. Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында Қарағанды облысының полиция департаментінің қолдауымен “Жас сарбаз” және “Жас сақшы” сыныптарының білім алушылары арасында облыстық “Cool Games.KZ” белсенді ойыны ұйымдастырылды.

Шараның салтанатты ашылуында Қарағанды облысы ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Дильмаганбетов пен Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақыткүл Әбдікерова қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Жарыс топтық кезеңде айналмалы жүйе бойынша өтті. Ал финалдық кезең (ширек финал, жартылай финал, үшінші орын үшін матч және финал) олимпиадалық жүйе негізінде ұйымдастырылды. Әр топтан үздік шыққан алғашқы екі команда шешуші кезеңге жолдама алды.

Ауқымды спорттық іс-шараға Қарағанды қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы ЖББМ, №21 НОМ, Н. Әбдіров атындағы ЖББМ, №30 ЖББМ, Жақып Ақбаев атындағы ЖББМ, сондай-ақ Теміртау қаласындағы Б. Момышұлы атындағы мектеп-лицейі мен №17 жалпы білім беретін мектептің командалары белсене қатысты.

Қызықты да тартысты бәсекенің нәтижесінде жүлделі орындар келесідей бөлінді: І орын – Қарағанды қаласының Н. Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектебі, ІІ орын – Қарағанды қаласының №21 негізгі орта мектебі, ІІІ орын – Қарағанды қаласының Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі. Қалған командаларға алғыс хаттар мен естелік марапаттар табысталды.

Бұл спорттық дода жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын көтеріп қана қоймай, командалық рух пен белсенді өмір салтына деген ынтасын арттыра түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру