Қарағанды облысында жол қауіпсіздігі күшейтілді: дрондар мен автоматты жүйелер іске қосылды
Қарағанды облысының полиция департаменті патрульдік полиция батальоны жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апат деңгейін төмендету бағытында бақылау шараларын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Енді өңір жолдарында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып жатыр.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендерді, жылдамдықты өлшейтін автоматты жүйелерді, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануда. Бұл технологиялар жол қозғалысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.
– Аталған шаралар жазалау емес, ең алдымен алдын алу сипатына ие. Негізгі мақсат – жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру және адам өмірін сақтау, – деді патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік қарапайым талаптарды орындаудан басталатынын ескертеді:
– жылдамдық режимін қатаң сақтау;
– қауіпсіздік белдігін тағу;
– рөлде зейінді болу;
– жол белгілері мен таңбалардың талаптарын мүлтіксіз орындау.
