Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысындағы алғашқы жол қозғалысын реттеуші әйел

Әйелдердің полиция органдарындағы қызметі тек ювеналды полиция, тергеу немесе кеңсе жұмысымен шектеледі деген түсінікке қарамастан, тарихта жауапкершілігі жоғары өзге де бағыттарда табысты еңбек еткен нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі – Қарағанды облысының мемлекеттік автоинспекциясындағы алғашқы жол қозғаласын реттеуші әйел Валентина Пермякова. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Валентина Семеновна 1934 жылдың көктемінде теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Алғашында ол еңбек жолын осы салада жалғастыруды жоспарлағанымен, тағдыр оны құқық қорғау қызметіне алып келді. 1952 жылы ол көше қозғалысын реттеу бөлімінде іс жүргізуші қызметінен еңбек жолын бастады.

- Ол кезде мемлекеттік автоинспекцияда әйелдер өте аз болатын, бар болғаны төртеу едік. Бізге ер әріптестеріміз әрдайым құрметпен қарап, қолдау білдіріп отыратын, – деп еске алған еді Валентина Семеновна.

Арнаулы атағын алған соң ол алдымен әкімшілік практика бөліміне, кейін көлік оқиғаларын есепке алу бөліміне ауыстырылған. Аталған бөлімде ол зейнетке шыққанға дейін табанды еңбек етіп, 27 жыл 6 ай қызмет атқарып, милиция старшинасы атағымен зейнеткерлікке шыққан. Жалпы еңбек өтілі 40 жылды құраған.

- Бүкіл еңбек жолымда бірде-бір тәртіптік жаза алған емеспін. Ол кезде компьютерлік технологиялар болмағандықтан, барлық жұмыс қолмен атқарылатын. Сондықтан дәлдік пен ұқыптылыққа ерекше мән берілетін, – деп атап өткен еді ол.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Валентина Пермякова қоғамдық өмірден шет қалмай, Қарағанды облысы жол полициясы басқармасының Ардагерлер ұйымын басқарып, сала ардагерлерінің басын біріктірді.

Валентина Пермякова 2022 жылдың күзінде 88 жасында дүниеден өтті. 2019 жылы ол қызметтегі әйел-полицейлерге арнап жүрекжарды тілегін білдірген еді:

- Әрдайым көрікті де сымбатты, сүйкімді де тартымды болып, бақыт пен сүйіспеншілікке бөленіңіздер. Қылмыс пен құқық бұзушылық, жол-көлік оқиғалары аз болсын! Ал ардагерлерге отбасылық береке мен мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін6 - деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру