Қарағанды облысының әкімі учаскелік полиция инспекторлары үшін жаңа сыйақы тағайындауды ұсынды
Қарағанды облысының әкімі учаскелік полиция инспекторлары үшін жаңа сыйақы тағайындауды ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан полициясы күні қарсаңында қызметте ерекшеленген учаскелік полиция инспекторларын марапаттады. Келесі жылдан бастап «Үздік учаскелік инспектор» номинациясында арнайы сыйақы тағайындауды ұсынды.
– Сіздерді алдағы кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздер тәулік бойы аптасына жеті күн тәртіп сақшысысыз. Біз мұны бағалаймыз және полиция органдарының материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету үшін бәрін жасауға тырысамыз. Биыл полицияның қажеттіліктеріне екі миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Келесі жылдан бастап «Үздік учаскелік инспектор» номинациясы бойынша 2 млн теңге көлемінде арнайы сыйақы тағайындауды ұсынамын. Тек оны шынымен халықтың көңілінен шыққан лайықты полицейлер алуы керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысының учаскелік инспекторлармен кездесуі алғаш рет ұйымдастырылып, Қарағанды облысының ПД бастығы Санжар Әділовтың қатысуымен өтті.
– Бүгінгі таңда облыстағы учаскелік полиция инспекторларының штаттық саны 535 адамды, 53 көмекшіні құрайды. Соңғы үш жылда учаскелік полиция инспекторларының әлеуеті едәуір артты. «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша өткен жылы полицияның үш жаңа учаскелік пункті ашылды. Біздің өңірде Теміртау мен Қарағандыда екі шыны пункті жұмыс істейді. Олардың елде баламасы жоқ. Инспекторлар құқық бұзушылардың әрекеттерін тіркеуге арналған бейне жетондармен және планшеттермен жүз пайыз жабдықталған. Біз полиция жұмысын жетілдіруді жалғастырудамыз, – деп атап өтті Санжар Әділов.
Өңірде учаскелік полиция пункттерін біртіндеп жаңарту жоспарлануда.
– Қолда бар пункттерді жөндеу бойынша үш жылдық жоспар әзірленеді. Сондай-ақ инспекторлар өмір сүріп, жұмыс істей алатын іргелес үй-жайларды бөлу мәселесі шешіліп келеді. Инспекторлар үшін қарапайым жағдайлар жасау керек. Бұл сұрақ менің жеке бақылауымда, – деді облыс әкімі.
Кездесудің жағымды аяқталуы қызметте ерекшеленген учаскелік қызметкерлерді марапаттау болды. Оның алтауы облыс әкімінен алғыс хатын алды. Полиция қызметкері Азамат Төрежанов Осакаров ауданында қызмет етеді. Ол Николаев ауылдық округінің учаскелік инспекторы. Оның әрекеттерінің арқасында өткен жылы қатты қарлы боран кезінде жол бойында жаңа туған нәрестемен қалып қойған отбасы құтқарылды.
– Мен ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келемін. Екі ағамның салған жолымен келген болатынмын. Олар мен үшін үлгі болды. Мен ешқашан мамандық таңдағаныма өкінген емеспін. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, – дейді Азамат Төрежанов.
Б. Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясының түлегі, полиция қызметкері Ернұр Аткенов – Қарқаралы ауданы Нұркен Әбдіров ауылдық округінің учаскелік инспекторы. 1,5 жыл бұрын үлкен өрт кезінде ол өз өмірін қатерге тігіп, жанып жатқан пеш құрлығысының ішінен газ баллонын шығарып алды, осылайша одан да ауыр зардаптардың алдын алды.
– Ішкі істер органдарына кіре отырып, біз еліміз бен халқымыздың игілігі үшін қызмет етеміз деп ант береміз. Мен оны әрқашан есімде сақтаймын. Біздің жұмысымызда әртүрлі жағдайлар болады, көбінесе біз өз өмірімізге қауіп төндіреміз. Алайда бұл біздің міндетіміз, – дейді Ернұр Аткенов.
Сондай-ақ кездесу барысында Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жасұлан Шохабаев, Теміртау қаласының ПБ Ескі қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Марат Рымбеков, Шахтинск қаласының ПБ учаскелік полиция инспекторы Медет Құлтасов, Шет ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Ақжол Ахмет алғыс хатпен марапатталды.