Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысының бас полицейі халықпен есептік кездесу өткізді

Қарағанды облысының бас полицейі халықпен есептік кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмагулов облыс тұрғындарына есеп беру кездесуін өткізді. Қоғаммен кері байланыс орнатуға бағытталған жиын Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өтті. Оған қала тұрғындары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

Кездесу барысында департамент бастығы өткен жыл мен 2025 жылдың алғашқы айларындағы ішкі істер органдарының қызметі туралы баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелерін таныстырды.

Қылмыс көрсеткіші төмендеген Нығмет Исмагуловтың айтуынша, өткен жылы облыста 7 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Аса ауыр қылмыстар, оның ішінде қарақшылық, тонау, зорлау, бұзақылық, пәтер және мал ұрлығы, алаяқтық сынды заң бұзушылықтар саны азайған. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың да көрсеткіші төмендеген. Сонымен қатар қылмыстарды ашу көрсеткіші артқан. Атап айтқанда, кісі өлтіру, зорлау, дене жарақатын келтіру, қарақшылық және алаяқтық деректері бойынша ашылу деңгейі едәуір жақсарған.

Нашақорлықпен күрес – басты назарда

Кездесуде қоғамды алаңдатқан маңызды мәселелердің бірі – нашақорлықпен күрес жайы кеңінен қозғалды. Бас полицейдің мәліметінше, 2024 жылы заңсыз айналымнан 26 келіден астам мефедрон, альфа-PVP секілді синтетикалық есірткі заттары тәркіленген. Сонымен қатар есірткі жарнамалайтын 270 интернет сайты бұғатталып, 26 мың доза таратпақ болған 36 есірткі таратушы ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында 5 есірткі зертханасы жойылып, 9 келі синтетикалық есірткі мен 1,5 мың тонна прекурсор айналымнан алынған. Ал биылғы жылдың өзінде 2 зертхана мен 3 фитолабораторияның қызметіне тосқауыл қойылған.

Жолдағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі де кездесудің маңызды тақырыбы болды. ПД бастығының айтуынша, жол ережелерін бұзу, оның ішінде қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты шектен тыс асыру және жүргізушінің ұйықтап кетуі салдарынан 2024 жылы облыс аумағында 1343 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 191 адам қайтыс болып, 1500-ге жуық адам түрлі дене жарақатын алған. Жол қозғалысын бақылау шараларының нәтижесінде мас күйінде көлік басқарған мыңнан астам жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылған.

Осыған байланысты департамент бастығы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Кездесу барысында өңірдің бас полицейі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен көші-қон заңнамасын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы да ақпарат берді. Жиын соңында Нығмет Исмагулов азаматтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысып жүрген еріктілер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін марапаттады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру