Қарағанды облысының полицейлері әріптестерін зейнетке шығарып салды
Қарағанды облысының полицейлері әріптестерін зейнетке шығарып салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қаңтарда Теміртау қаласы ПБ Ескіқала полиция бөлімінде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында 25 жылдан астам мінсіз қызмет еткен ардагерлер Мұхтар Абжановты және Шолпан Тұрдықұлованы зейнетке шығарып салу рәсімі өтті. Құқықтық тәртіпті нығайту ісіне, қылмысқа қарсы күреске және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында елеулі үлес қосқан ерекше құрмет иелеріне Ескіқалалық полиция бөлімінің басшылығы және жеке құрамы атынан ҚР ІІМ нышанымен қол сағаты, сыйлықтар және гүл шоқтары табысталды.
Ескіқалалық полиция бөлімінің бастығы Ерасыл Шаукентаев ардагерлерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сіздердің үлкен өмірлік тәжірибелеріңіз бен еңбек жолдарыңыз баршамызға жақсы белгілі. Өйткені жастық жігеріңізді елдің тыныштығы жолында сарп етіп, ішкі істер органдарының өркендеуі үшін еңбек еттіңіздер. Сондықтан да бұл өскелең ұрпаққа, жастарға үлгі болып қала бермек. Зор денсаулық, жанұялық береке және барлық істер мен бастамаларға сәттілік тілейміз, – деді ол.
ҚР ІІО ардагерлері Мұхтар Абжанов және Шолпан Тұрдықұлова Ескіқалалық полиция бөлімінің басшылығына және жеке құрамына бүгінгі көрсеткен сый құрметтері үшін алғыстарын білдіріп, жас қызметкерлерге табыс, еңбекте жеміс тіледі.