Қарағанды облысының полицейлері есірткі тасымалдаушыдан тәркіленген «синтетиканы» жойды
Қарағанды облысының полицейлері есірткі тасымалдаушыдан тәркіленген 3 келіге жуық синтетикалық есірткіні жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың 12 қазанында Қарағанды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Алматы – Екатеринбург тасжолында есірткі сақтады деген күдікпен 35 жастағы азаматшаның басқаруындағы автокөлікті тоқтатты. Полиция қызметкерлері көлікке жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында ішінде ұнтақ тәрізді заттары бар полимерлік пакетті анықтады.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың жалпы салмағы 2,7 келі есірткі заты екені белгілі болды. Сондай-ақ қарағандылық тәртіп сақшылары күдіктінің Астана қаласындағы пәтеріне тінту жұмыстарын жүргізу барысында ол жерден ерекше иісі бар ақ түсті 282 грамм ұнтақ тәрізді заттарды анықтады. Сараптама қорытындысына сәйкес бұл заттардың синтетикалық есірткі екені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаментіне қарасты Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасына жүктелді.
Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды. Қылмыстық іс бойынша қаулының шешіміне сәйкес есірткі тасымалдаушыдан тәркіленген есірткі жойылды.