Қарағанды облысының полицейлері Наурыз мерекесін оқушылармен бірге тойлады
Қарағанды облысының полицейлері Наурыз мерекесін оқушылармен бірге тойлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жауынгер халық үшін бала Алланың берген нығметі болды. Ата-анасын, айналасындағы адамдарды құрметтейтін толыққанды, өзін-өзі қамтамасыз ететін тұлға тәрбиелеу оңай шаруа емес екенін ата-бабаларымыз жақсы түсінген. Ал әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің әрқайсысы балалармен байланысты. «Сүйіншіде» жақсы хабарға ризашылық білдіріп, сый-сияпат айту – салтымыздың бірі ғана. Осыны ескере отырып, Наурыз мейрамының екінші күні – Қайырымдылық күнінде Қарағанды облысының ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы дене шынықтыру және спорт білім басқармаларымен бірлесіп, «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өткізді.
Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – ұрпақ тәрбиесінде мәдениетіміздің құрамдас бөлігі саналатын ежелден келе жатқан салт-дәстүр мен көне халықтық әдет-ғұрыптарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру. Қарағанды қаласындағы «Балалар мен жасөспірімдер» сарайының кіреберісінде үлкен киіз орнатылып, «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебі, №61, 63, 16 орта мектептер, №4 мектеп-интернат, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия, облыстық жоғары мейіргерлік мектебі мен теміржол колледжі халыққа сан алуан ұлттық құндылықтарды паш етті. Барлық қонақты «Шашу» би тобы биімен қуантты, мектеп оқушылары қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрыптарын көрсетті.
Қонақтар қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс сөздер мен жылы лебіздерін аямады.
Мерекелік іс-шараның соңында Қарағанды облысының полиция департаментінің бастығы С.Әділовтың атынан грамоталар табыс етілді.
Осылайша ақсақалдардың ақ батасын алған полицейлер жұмысын жалғастырды. Өйткені жер бетіндегі барлық халық үшін жас ұрпақ тәрбиесі бірінші орында тұр.