Қарағанды полицейлері жөндеу орталығынан көлік ұрлаған ер адамды анықтады
Қарағанды полицейлері жөндеу орталығынан көлік ұрлаған ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қаңтар күні түнгі сағат 00:10 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөліміне аумақта орналасқан автожөндеу орталықтарының бірінен көлік ұрланды деген хабарлама түсті. Жәбірленуші 20 жастағы азамат жедел түрде жөндеу жұмыстарын жасау үшін өзінің көлігін автожөндеу орталығына тастап кеткен. Үш сағаттан соң қайта келгенде көлігінің жоғалғанын білген. Оған келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгені құраған.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасы, Жедел басқармасының инспекторлары бейнебақылау камераларының көмегімен аз уақыттың ішінде көліктің тұрған жерін анықтады. «Ізін суытпай» патрульдік полиция полкінің жасақтарымен ұрланған көлік 40 жастағы азаматтың басқаруында ұсталды. Көліктің басқаруында отырған азаматты тексеру барысында оның ішімдік ішкен күйде болғаны анықталды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200- бабына (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, күдікті азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабына (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес хаттама толтырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.