Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесі кәсіпкерлермен бірлесіп, балаларға тарту жасады
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесі кәсіпкерлермен бірлесіп, балаларға тарту жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан әрбір бүлдіршіннің сүйіспеншілік пен қамқорлыққа бөленіп, ересектер тарапынан қолдау сезініп, ертеңгі күнге деген сеніммен өсуі – қоғамның басты міндеті.
Осы ізгі ұстанымдарды негізге ала отырып Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №34 мекеме жеке кәсіпкерлермен, атап айтқанда, «БТК» ЖК, «Ернұр» ЖК, «Биктурова» ЖК және «Турангруп» ЖШС өкілдерімен бірлесіп Қарағанды қаласындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығына арнайы барды.
Айта кету керек, бұл орталық – қаладағы ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен дамытуға мамандандырылған жалғыз мекеме.
Орталықтағы тәрбиеленушілерді назардан тыс қалдырмауды жөн санаған мекеме әкімшілігі мен кәсіпкерлер оларға жүрек жылуымен шағын, бірақ аса пайдалы сыйлықтар тарту етті.
Сыйлықтардың бастысы – сырғанауға арналған құралдар. Әсіресе қысқы мезгілде бұл сыйлық балалар үшін спорттық белсенділік пен салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізеді. Сонымен қатар балаларға дәрумендерге бай жемістер, тәттілер мен түрлі ойыншықтар ұсынылды.
Шара соңында орталық басшылығы мекеме қызметкерлері мен кәсіпкерлерге балалардың тағдырына деген жанашырлықтары мен қолдаулары үшін шынайы ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.