Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде мәдени іс-шаралар өтті

Ұлттық кітап күні аясында Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №31 мекемеде екі бірдей маңызды мәдени іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің №31 мекемесінде Ұлттық кітап күніне орай әдебиетті насихаттауға бағытталған екі маңызды шара ұйымдастырылды. Соның бірі — "Шекарасыз оқу" атты мәдени-ағартушылық акциясы болса, екіншісі — мекеме музейінің қорын сирек кездесетін құнды кітаппен толықтыру рәсімі болды.

"Шекарасыз оқу" жобасының басты мақсаты – сотталған азаматтардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, тұрақты оқырмандық мәдениетті қалыптастыру және өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беру. Іс-шара барысында қатысушылар көркем шығармалардан үзінділер оқып, сүйікті кітаптарымен бөлісіп, кітаптың адам өміріндегі маңыздылығы жөнінде пікір алмасты. Қазақстандық авторлар еңбектеріне және әлемдік әдебиет классиктеріне ерекше назар аударылды.

Мекеме кітапханашысы іс-шараны ашып, кітаптың — білім мен рухани дамудың, адамгершілік құндылықтардың қайнар көзі екенін атап өтті. Ал сотталғандар өз сөздерінде әдебиеттің олардың өміріне оң әсер етіп, ой-санасын кеңейтіп, ішкі өзгерістерге жетелейтінін айтты.

Сол күні мекеменің музей залында тағы бір ерекше оқиға болды — әділет майоры, ардагер Юрий Ткачев музей қорына "Боздақтар" атты сирек кітабын сыйға тартты. Бұл — Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батыр ардагерлердің ерлігіне арналған зерттеу жинағы. Кітаптың ерекшелігі – оның небәрі 20 дана болып басылып, әр данасы автордың қолымен нөмірленіп, қолтаңбаланған. Сондықтан бұл еңбек бүгінде библиографиялық жәдігерге айналған.

23 сәуір күні өткен рәсімде Юрий Ткачев бұл кітапты ұрпақтар сабақтастығы мен елдің мәдени мұрасын сақтаудың символы ретінде тарту еткенін айтты. Мекеме қызметкерлері ардагерге алғыстарын білдіріп, "Боздақтар" кітабы музей экспозициясының құнды бөлігіне айналып, қызметкерлер мен сотталғандардың оқуына қолжетімді болатынын жеткізді.

- Бұл оқиға музей қорын сирек басылыммен толықтырып қана қоймай, жастарды терең мазмұнды әдебиетке баулуға, кітапқа деген қызығушылықты оятуға ықпал етері сөзсіз, — деді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Тұрсын

Ал мекеменің тәрбие бөлімі бастығы, әділет майоры Кудряшова Н.Н. мұндай шаралар сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үдерісінде және моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуда үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру