Қарағандыда арзан бағаға пәтер алмақ болған тұрғын ақшасынан айырылды
Қарағандыда арзан бағаға пәтер алмақ болған тұрғын ақшасынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Михайлов полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген іс-шаралар барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 45 жастағы азаматты ұстады.
Күдікті қаладан пәтер алмақ болған 55 жастағы ауыл тұрғынын алдап кеткен. Белгілі болғандай, жәбірленушімен танысқан күдікті өзін мемлекеттік органдардың бірінде жұмыс істеймін деп сендіріп, қаладан мемлекеттік бағдарламамен үй алуға көмектесетінін айтқан. Алайда күдікті жасап бермек болған жұмысына ауыл тұрғынынан 370 мың теңге ақша алып, кейін онымен байланысын үзіп, із-түссіз кеткен.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.