Қарағандыда автокөлік дөңгелектерін ұрлаған күдікті ұсталды
Қарағандыда автокөлік дөңгелектерін ұрлаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Желтоқсан айының бір таңында Қарағанды қаласының 21 жастағы тұрғыны жағымсыз жағдайға тап болды. Аулада тұрған автокөлігінен белгісіз біреулер барлық төрт дөңгелегін шешіп әкеткен. Келтірілген материалдық шығын 800 мың теңгеге бағаланды.
Оқиға орнына жедел жеткен Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің қызметкерлері жәбірленушінің арызын қабылдап, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, оның жәбірленушімен жасты, көршілес ауданның 21 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.
Тексеру барысында ұрланған дөңгелектер күдіктінің пәтерінен табылды. Белгілі болғандай, ол мүлікті күдік тудырмас үшін өз үйінде уақытша сақтап, кейін сату арқылы қылмыс ізін жасыруды жоспарлаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктінің өңір аумағында жасалған өзге де осыған ұқсас ұрлықтарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
