Қарағандыда балалар қауіпсіздігі бойынша педагогтармен профилактикалық жиын өтті
Қарағандыда балалар қауіпсіздігі бойынша педагогтармен профилактикалық жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалар қауіпсіздігі, олардың құқықтарын қорғау және адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу мәселелері қоғам назарында тұрған бүгінгі кезеңде Қарағандыда полиция профилактикалық жұмыстарды күшейтіп келеді.
Мемлекет Басшысы Жолдауында белгіленген басымдықтарды негізге ала отырып, Қарағанды қаласының полиция басқармасы "Заң мен тәртіп" қағидаттарына сүйене отырып, жасөспірімдер қылмысының, буллингтің, нашақорлықтың және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Осы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында өткен ашық сабақ. Іс-шараға Қарағанды облысы мен қаласының білім басқармалары, прокуратура өкілдері, Қарағанды қаласы ПБ жанындағы консультативтік-кеңесші орган мүшелері, сондай-ақ қала және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, мектеп, колледж, интернат директорлары мен орынбасарлары, психологтар қатысты.
Қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин жиналысты ашып, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, ата-аналармен тиімді байланыс орнату, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және бірлескен профилактикалық бастамаларды дамыту қажеттілігіне тоқталды.
Қарағанды қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов жасөспірімдер қылмысы мен интернет-алаяқтыққа қатысты өзекті статистикалық мәліметтерді ұсынып, мәселенің маңыздылығын атап өтті. Ал консультативтік-кеңесші органның төрайымы Ирина Назырова кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
Прокуратура өкілдері есірткіні қолдану, сақтау, тарату және жарнамалауға қатысты жауапкершіліктің құқықтық тұстарын түсіндіріп, мұндай құқықбұзушылықтар үшін жазаның бұлжымайтынына назар аудартты.
Кездесу барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға арналған келесі іс-қимылдардың негізін қаламақ.
