Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды

Қарағандыда балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды қалалық полиция басқармасында балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараға полиция қызметкерлерінің балалары мен көпбалалы отбасылардың балалары арнайы шақырылды.

Салтанатты жиында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев құттықтау сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге шат-шадыман балалық шақ, бейбіт өмір және жарқын болашақ тіледі.

ВИДЕО

Мерекелік бағдарлама балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған сурет байқауымен басталды. Байқау жеңімпаздарына естелік сыйлықтар табысталды. Бұдан соң бүлдіршіндер полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен танысып, қызметтік көліктер мен арнайы құралдарды тамашалады.

Балалардың ерекше қызығушылығын қызметтік иттердің қылмыскерді ұстау сәттері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздарының көрсетілімдері тудырды. Көрнекі жаттығулар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің көңілді өтуіне сеп болды.

Іс-шара соңында барлық балаға тәтті балмұздақтар таратылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру