Қарағандыда бір кештің өзінде 42 құқық бұзушылық анықталды
Қарағандыда бір кештің өзінде 42 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Барлық жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шараның басты мақсаты – қылмыстың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру, есепке алынған азаматтардың тарапынан болатын заң бұзушылықтарды анықтау, отбасылық тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтардың уақытылы жолын кесу, мас күйінде, қоғамдық орындар мен көшелерде теріс қылықтар жасауға жол бермеу.
Демалыс күндері қарсаңында Октябрь полиция бөлімінің аумағында жергілікті пысықтау жұмыстары жүргізілді.
– 250-ден астам адам қосымша тексерулерден өтті. 42 түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтың анықталуы осындай іс-шаралардың қажеттігін тағы да растап отыр. Мас күйдегі адамдарға ерекше назар аударылды – олардың 14-і уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды. Айта кету керек, тіркеу мерзімі өтіп кеткен қару иелері анықталды, бұл осы саладағы қатаң бақылаудың маңыздылығын көрсетеді. Біз сондай-ақ интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы ақпаратты белсенді түрде таратып жатырмыз, 500-ден астам жадынамалар мен кітапшалар тараттық, бұл олардың қауіпсіздігін нығайтуға көмектеседі, – деді Октябрь ПБ бастығы Арман Меллятов.