Қарағандыда бірнеше құқық бұзушылық жасаған мас жүргізуші ұсталды
Қарағандыда бірнеше құқық бұзушылық жасаған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 желтоқсанға қараған түні Қарағандыда патрульдік полиция экипажы Прогресс көшесі бойымен жүріп келе жатып, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ автокөлікті байқаған. Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабын жүргізуші орындамай, қызыл жарыққа өтіп қана қоймай, қарсы жолаққа шығып, жол апатына әкелуі мүмкін қауіпті жағдай туғызған.
Алайда лезде қашып құтылмақ болғанымен, жүргізушінің есеп беретін сәті көп күттірмеді. Ол полиция қызметкерлерімен тоқтатылғаннан кейін құжаттарды тексеру барысында 32 жастағы ер адамның алкоголь иісі сезілген. Медициналық сараптама оның жеңіл дәрежеде мас болғанын растады.
Жүргізушінің әрекеттеріне байланысты бірден бес хаттама толтырылды. Олардың ішінде полицияның заңды талабын орындамау, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, мемлекеттік нөмірсіз жүру, мас күйінде рөлге отыру және бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту бар. Автокөлік айыптұрағына қойылды.
Іс материалдары сотқа жолданып, процессуалдық шешім қабылданатын болады. Айта кету керек, өткен аптада ғана полиция қызметкерлерімен көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 8 жүргізуші ұсталса, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен екі жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар 10 жүргізуші жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін жауапкершілікке тартылады.
