Қарағандыда экологиялық заң бұзушылықтардың жолы кесілді
Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бағдарламасы аясында экологияны қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары патрульдеу кезінде құрылыс қалдықтарының — қою бетон ерітіндісінің рұқсатсыз төгілгенін анықтады. Оқиғаға байланысты 26 жастағы бетон араластырғыш жүргізушісі ұсталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол жауапкершілікке тартылып, көлігі тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды.
Қаладағы тағы бір ауданда дрон арқылы полицейлер құрылыс қалдықтарын анықтады. Тексеру барысында заңсыз қоқыс орнының ұйымдастырылғаны белгілі болды. 33 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды, көлігі айыптұраққа қойылды.
Екі жағдайда да құқық бұзушыларға келтірілген залалды жою міндеті жүктелді. Яғни, төгілген бетон ерітіндісі мен өзге қалдықтар арнайы полигонға шығарылып, кәдеге жаратылады.