Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда ерлікке тағзым: "Ерлік – ел есінде" шарасы өтті

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мұражайында ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жанқиярлық танытқан тәртіп сақшыларына арналған "Ерлік – ел есінде" атты тағылымды шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға батырлықпен көзге түсіп, өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгелерге көмектескен полиция қызметкерлері мен олардың құтқарған азаматтар шақырылды.

Солардың бірі — Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы  Медет Асқаров. 18 жылдан бері ішкі істер саласында адал еңбек етіп жүрген офицер бүгінге дейін тоғыз адамның өмірін құтқарып қалды. Оның ерлігіне куә болған Жансұлу Сейденова балаларымен бірге шараға қатысып, Медет Асқаровқа шексіз алғысын жеткізді:

– Бірнеше жыл бұрын үйімізде өрт болды. Бес баламен үйде қалып, үрейге бой алдырдым. Сол кезде Медет Асқаров ең бірінші болып көмекке келіп, бәрімізді аман алып қалды. Қазір алты баланың анасымын. Егер сол күні ол болмағанда, қандай қайғы боларын елестету де қорқынышты, – деп Жансұлу Асанқызы тебірене сөйледі.

Шара барысында Саран қалалық полиция бөлімінің патрульдік полиция инспекторлары Бағлан Жүнісов пен Әлихан Бақыш та марапатқа ие болды. 6 мамырда олар Қызылорда – Павлодар тасжолында отқа оранған көлікті қауіпсіз жерге шығарып, жарылыстың алдын алған. Батыл әрекеттері үшін шетел азаматтары оларға бейне үндеу арқылы алғыс білдірді.

– Бұл шара – ерлікке тағзым, жас буынға өнеге. Батырлық – бір сәттік әрекет емес, жүректегі қасиет. Бүгінгі күннің қаһармандарын ардақтау – ертеңгі күнге сенім ұялататын құндылық. Мұндай іс-шаралар алда да жалғасын табады, – деді департамент бастығының орынбасары Дәурен Ибраев.

Кездесу соңында ерлік көрсеткен тәртіп сақшыларына, сондай-ақ Жансұлу Сейденоваға Қарағанды облысы ПД басшылығының алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталып, балаларға естелік сыйлықтар тарту етілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру