Қарағандыда интернет-алаяқтықтық бойынша жүргізілген түсіндірме жұмыстар оң нәтиже беріп жатыр
Қарағанды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қазіргі уақытта белең алған интернет-алаяқтығының алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы мақсатта тәртіп сақшылары адамдар көп шоғырланатын жерлерге арнайы барып, оларға алаяқтардан қалай сақтану керектігі жазылған үнпарақшалар таратып, облыс және аудан орталықтарындағы билбордтарға баннер іліп, жарық диодты экрандарда алдын алу бейнеүзіктерін көрсетіп жатыр. Мұндай жұмыстар мекемелер мен оқу орындарында да үнемі жүргізіліп тұрады.
Мәселен сәуір айында Қарағанды облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, оларға алаяқтардан қалай сақтану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кету керек, алаяқтар ешқашан адам таңдамайды. Мейлі ол лауазымды қызметкер, мейлі қарт адам болсын. Қаскөйлердің басты мақсаты оңай жолмен ақша табу.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде қала тұрғынының Октябрь полиция бөліміне барып, тәртіп сақшыларымен бірлесе алаяқтың жымысқы ойын әшкерелегенін айта кетуге болады.
Әйел кісі өз жұмыстарымен таксиде кетіп бара жатқанда оған белгісіз біреу қоңырау соғып, өзін ұлттық банктің қауіпсіздік қызметі ретінде таныстырған. Азаматша бірден олардың қулығын түсіне қойып, 10 минут өткен соң хабарласатынын айтып, такси жүргізушіге полиция бөліміне баруын өтінген.
Бөлімшеге барған соң ол тәртіп сақшыларының қасында тұрып, алаяқтың жымысқы ойын жүзеге асыруына нүкте қойды.
Тағыда бір қала тұрғыны алаяқтармен ұялы телефон арқылы сөйлесу кезінде ұялы телефонына Egov жүйесіне кіру үшін алаяқтар жіберген кодты әдейі қате айтып, алаяқтың жымысқы ойын жүзеге асырмады.
Қарағанды облыстық полиция департаменті қала тұрғындарынан қашанда сақ болып, бөгде адамдарға жеке деректерін бермеуге шақырады. Банк және полиция қызметкерлері ешқашан сіздерге қоңырау соғып, сіздердің жеке деректеріңізді сұрамайтынын еске саламыз.