Қарағандыда көлік ұрлаған күдікті ұсталды
Қарағандылық күдікті бөтен біреудің көлігін иесінің көз алдында мініп кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қаңтарда Қарағанды қаласының ПБ Киров полиция бөліміне қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағынан белгісіз біреудің көлік құралын ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
65 жастағы жәбірленушінің түсіндіруінше, оқиға оның көз алдында болған. Белгісіз адам оның көлігіне отырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Келтірілген шығын мөлшері алты миллион теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің экипажы ұрланған көлікті қала көшелерінің бірінен ұстады. Көлікті 25 жастағы жас жігіт айдап келе жатқан. Көлік иесіне қайтарылды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабымен (Тонау) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.