Қарағандыда мас жүргізуші қамауға алынды
Қарағанды облысының полицейлері екі күн ішінде 1500-ге жуық құқық бұзушылық дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау, қылмыстың алдын алу, жол жүру ережелерін сақтау мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Шара барысында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ аумақтық жолға жауапты мамандармен кешенді жұмыстар атқарып жатыр.
Екі күн жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тәртіп сақшылары 1498 әкімшілік құқық бұзушылық дерегін анықтады.
Мәселен, полиция қызметкерлерімен жол белгілері талаптарын елемеудің 243 дерегі анықталса, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтудің – 50, жылдамдықты шектен тыс асырудың 45 дерегі аныталды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан жол жүру ережелерін бұзудың 287 дерегі анықталды.
Мәселен, сағат 10:30 шамасында патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен Қарағанды қаласы Тәттімбет көшесінің бойында шамын жақпаған автокөлік тоқтатылды. Көліктің басқаруында 57 жастағы қала тұрғыны болған. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 602-бабына сәйкес хаттама толтырылған.
Хаттаманы толтыру барысында полицейлер құқық бұзушыдан ішімдіктің иісін сезген. Кейін медициналық куәландыру барысында оның мас күйде болғаны анықталды. Осыған орай полиция қызметкерлері 57 жастағы азаматқа ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес хаттама толтырды. Жүргізуші соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынды.