Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда мерекеге орай салтанатты шара өтті

Қарағандыда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облыстық полиция департаментінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Ерлік пен батырлықты ұлықтаған мерекелік кешке ардагерлер, жас сақшы сыныбының оқушылары және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Іс-шараны департамент бастығы Негмет Исмагулов ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

– Жеңіс күні – халқымыз үшін мәңгілік тағзым мен терең тағылымның белгісі. Осыдан 80 жыл бұрын ата-бабаларымыз Отан үшін жанын аямады. Бүгінгі бейбіт күн – сол ерліктің жемісі. Ардагерлерімізге ел үшін жасаған ерен еңбегі үшін шынайы алғыс білдіремін. Бүгінде сіздердің жолдарыңызды жалғаған полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ел тыныштығын күзетуде. Бұл – үлкен жауапкершілік пен зор абырой, – деді департамент басшысы өз сөзінде.

Мерекеге орай қызмет барысында үздік шыққан полицейлер мен ардагерлер облыс әкімінің, Ішкі істер министрінің және департамент басшылығының марапаттарына ие болды. Атап айтқанда, 10 қызметкерге Ішкі істер министрінің бұйрығымен мерзімінен бұрын арнаулы шендер табысталды. Сонымен қатар 5 қызметкерге “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісі, 9 тәртіп сақшысына ІІМ-нің Құрмет грамотасы, 15 қызметкерге алғыс хат берілсе, департамент бастығының бұйрығымен тағы 35 қызметкер грамотамен, 46 қызметкер алғыс хатпен марапатталды. Облыс әкімінің атынан 10 қызметкерге алғыс хат табысталды.
Салтанатты кеш барысында жас сақшы сыныбының оқушыларына да арнайы сыйлықтар үлестірілді.

Мерзімінен бұрын подполковник шенін алғандардың қатарында полиция департаменті тәрбие және кадр саясаты басқармасының аға инспекторы Қуаныш Медеубаев бар. Жуырда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданған ол — “Жан Арым”, “Қара жәшік” сынды жинақтардың авторы. Оның шығармалары Әзербайжан, түрік және испан тілдеріне де аударылған.

Кеш соңында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен полиция департаментінің өнерпаздары ұсынған мерекелік концерт көпшіліктің көңілінен шықты. Шара барысында жауынгерлік рухты оятатын әндер шырқалып, Ұлы Жеңіске деген құрмет паш етілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру