Қарағандыда микрокредиттік ұйымның менеджері тоналды
Қарағандылық күдікті мирокредиттік ұйымның кеңсесіне баса-көктеп кіріп, оның менеджерінің мойнынан алтын алқасын жұлып алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 ақпанда Қарағанды қаласы ПБ Орталық полиция бөліміне Ерубаев көшесіндегі кеңсесе бір әйелді тонап кеткені туралы ақпарат түсті.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабымен (Тонау) қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы оқиға болған жерге барды.
Қылмыс микрокредиттік ұйымдардың бірінде болған. Кеңседе 31 жастағы менеджер әйелге күтпеген жерден белгісіз адам шабуыл жасап, қаржылық ұйым қызметкерінің мойнынан алтын алқасын жұлып алып, қашып кеткен.
Жәбірленуші шабуыл жасаған адамның 25-30 жас шамасындағы ер адам екендігін, алайда бетін медициналық маскамен жауып тастағандықтан, түрі анық көрінбегенін айтты.
7 ақпанда жедел-іздестіру шаралары барысында осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 25 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол кінәсін мойындап, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.