Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тренинг өткізілді

Қарағандыда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында “Ашуды басқару” тренингі өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылға арналған отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру және “Алдын алу жылы” аясында Қарағанды қаласында отбасы ішінде агрессия көрсеткен азаматтармен жоспарлы психокоррекциялық жұмыс жүргізілуде.

Қарағанды қаласы полиция басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Гүлнәр Байқұнақова Орталық ПБ учаскелік инспекторларымен және “Құқық” қоғамдық қорының психологтарымен бірлесіп, агрессияға бейім азаматтарға арналған “Ашуды басқару” атты ерікті топтық тренинг ұйымдастырып, өткізді.

Тренингтің басты мақсаты – қатысушыларды өзін-өзі бақылау әдістеріне үйрету, эмоцияларды басқарудың тиімді жолдарын көрсету. Тренинг барысында қатысушылар ашу мен жағымсыз эмоцияларды ерте кезеңде тану тәсілдерін, олардың қарқындылығын азайту жолдарын меңгерді. Сонымен қатар жанжал жағдайларын бейбіт жолмен шешуге бағытталған зорлықсыз қарым-қатынас дағдыларын дамытты.

Іс-шара интерактивті форматта өтті: қатысушылар рөлдік ойындарға қатысып, нақты өмірлік жағдайларды модельдеу арқылы қиын жағдайлардан конструктивті шығу жолдарын іздеді. “Құқық” ҚҚ психологтары әр қатысушыға жеке қолдау көрсетіп, агрессияның түп-төркінін түсінуге және оны еңсеруге арналған жеке стратегияларды қалыптастыруға көмектесті.

Мұндай тренингтер отбасы ішіндегі өзара сыйластықты арттыруға, тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге және жалпы отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру