Қарағандыда полицейлер буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын талқылады
Қарағандыда полицейлер буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінде Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған "Салауатты сана" атты әлеуметтік жоба аясында маңызды кездесу өтті. Іс-шараға учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция қызметкерлері, сондай-ақ әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшелерінің мамандары қатысты.
Кездесу барысында ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық, лудомания (ойынқұмарлық) және нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша мазмұнды дәріс оқыды.
Іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов және ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы А.Қиясова арнайы қатысып, қоғамдағы отбасы құндылықтарының сақталуы мен жастар тәрбиесі жөнінде өз көзқарастарын білдірді.
Кездесудің басты мақсаты – отбасы институтының маңызын арттыру, ата-аналардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілігін күшейту және осы бағытта азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлескен әрекетін үйлестіру болды.
Шара барысында қатысушылар құқық қорғау құрылымдары мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Сонымен қатар жобаның алдағы жоспарлары мен негізгі бағыттары таныстырылып, тараптар өзара пікір алмасты.
Кездесу соңында қатысушылар Қарағанды облысы аумағында жүзеге асырылатын бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге уағдаласты. Жоба жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.