Қарағандыда полицейлер ер адамды құтқарып қалды
Қарағандыда полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
30 наурызда Қарағанды қаласының жедел басқару орталығына Майқұдық ықшам ауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің шатырында ер адамның өзіне қол салуға оқталғаны туралы дабыл түсті.
Оқиға орнына дереу патрульдік полицияның жедел жасағы аттанды. Жасақ құрамында взвод командирі Құсайын Сметов, инспекторлар Нұрбек Көкенов пен Самат Ысқақов болды. Жағдайдың аса күрделі екенін жете бағалаған тәртіп сақшылары нақты әрі шұғыл әрекет ету жоспарын құрды. Бірі төменде қалып, ер адаммен тілдесе отырып оның назарын аударса, қалған екеуі шатырға көтеріліп, оқиғаны бақылауға алды.
Өз-өзіне қол жұмсамақ болған 29 жастағы тұрғын терең психоэмоциялық күйзеліс жағдайында болған. Қолайлы сәтте полицейлер ер адамға жедел жетіп, оны қауіпсіз жерге алып шықты. Құқық қорғаушылардың кәсіби біліктілігі мен батыл әрекеттері адам өмірін сақтап қалуға сеп болды.
Оқиға орнына шақыртылған медициналық жедел жәрдем қызметі ер адамның дене жарақаттары жоқ екенін анықтады. Эмоционалдық жағдайы тұрақталғаннан кейін ол одан әрі тексеру үшін полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын тұрмыстық қиындықтар салдарынан осындай әрекетке барған.
Бұл жағдай тұрғындардың қырағылығы мен полицияның үйлесімді іс-қимылының арқасында қайғылы оқиғаның алдын алуға болатынын көрсетті. Қоғамдағы әрбір бейжай қалмаған жан — бір өмірдің сақтаушысы.