Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полицейлер ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды

Қарағанды облысының полиция департаментінде "Заң мен тәртіп" қағидатына сүйене отырып, Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні аясында өткізілетін "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" шеңберінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына тағзым етілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара барысында қатысушылар ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін жанын құрбан еткен жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Олардың қатарында — 14 жыл бұрын бейбіт тұрғындарды аман алып қалу жолында өз өмірін қиған Ғазиз Байтасов, 27 жыл бұрын қарулы қылмыскерлермен қақтығыс кезінде ерлікпен қаза тапқан патрульдік полиция қызметкері Рустам Мәжітов пен қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы Нұрлан Байғаскин, сондай-ақ қызметтік борышын атқару кезінде мерт болған Саламат Құбаев бар. Сондай-ақ өз өмірін құрбан етіп, жүзден астам баланың өмірін сақтап қалған Қайрат Жұмабековтің есімі де зор құрметпен аталды.

Құрмет пен мәңгілік ынтымақтың белгісі ретінде патрульдік полиция қызметкерлері, арнайы жасақ сарбаздары және ішкі істер органдарының ардагерлері сап түзеп, иық тірестіре тұрып, қаза тапқан әріптестеріне және жол-көлік апаттарында көз жұмған жандарға тағзым етті.

Бұл тағылымды іс-шара аймақтың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында төгілген тер мен төгілген қанның қадірін еске салған маңызды сәт болды. Ол әрбір жол қозғалысына қатысушыға жеке жауапкершіліктің маңызын және адам өмірінің ең қымбат құндылық екенін тағы бір мәрте ұқтырды.

Іс-шара соңында қатысушылар еңбек және жауынгерлік даңқ мұражайына экскурсия жасап, онда Қарағанды облысы полициясының қалыптасуы мен даму тарихынан сыр шертетін құнды деректермен танысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру