Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полицейлер "ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері" форумына қатысты

Қарағандыда полицейлер "ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері" форумына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында "Заң мен Тәртіп" апталығы аясында оқушылар сарайында өткен "ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері" форумы жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары мен азаматтық қоғам өкілдерін бір алаңда тоғыстырды.

Ауқымды іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Утеуов пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Арман Қайрақбаев қатысты. Форумның басты мақсаты - қоғамда қаржылық сауаттылықты арттырып, заманауи алаяқтықтың алдын алу.

Форум барысында қатысушылар қаржылық қауіпсіздікке қатысты өткір әрі өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары мен қолма-қол ақшаны заңсыз жолмен иемдену сынды қылмыс түрлерінің қарқынына ерекше назар аударылды.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Арман Қайрақбаев өз сөзінде интернет-алаяқтықтың бүгінгі қоғамда кең етек жайғанын атап өтті.

- Жыл басынан бері облыс көлемінде 800-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 27 күдіктіні ұстады, олардың сегізінің 102 алаяқтық эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. Жалпы келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден асты, оның ішінде 18 миллион теңгеге жуық қаражат өндірілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Осындай кездесулер арқылы біз азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, алдын алу шараларын күшейтуді көздейміз, - деді Арман Қайрақбаев.

Форум аясында қатысушыларға интернет-алаяқтық тақырыбына арналған бейнематериалдар ұсынылды. Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігінің экономикалық тергеу департаментінің мамандары жастар арасында алаяқтық әрекеттерге бейімділік артып келе жатқанын атап өтіп, оңай пайда табуға ұмтылған жастардың ҚР Қылмыстық және Азаматтық кодекстеріне сәйкес жауапкершілікке тартылу қаупі бар екенін ескертті.

Арман Қайрақбаев киберқылмыстың әлеуметтік құбылысқа айналып, жаһандық деңгейде алаңдаушылық туғызып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, заманауи техникалық құралдар мен әдістерді қолдану қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады, алайда ең сенімді қорғаныс - бұл цифрлық гигиена ережелерін білу және күнделікті сақтау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру