Қарағандыда полицейлер "Құқықтық мәдениет жәрмеңкесін" өткізді
Қарағандыда полицейлер "Құқықтық мәдениет жәрмеңкесін" өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері облыс және қала әкімдіктерінің қолдауымен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған ерекше іс-шара – "Құқықтық мәдениет жәрмеңкесін" ұйымдастырды. Шара "Таир" сауда үйінде қоғамдық қабылдау форматында өтіп, тұрғындар мен тәртіп сақшылары арасында ашық әрі еркін диалог орнатуға мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеге келген азаматтар заң нормалары жөнінде білікті кеңес алып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңға қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік туралы толыққанды ақпаратқа ие болды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен құқықтық сауаттылығын арттыру.
– Азаматтардың белсенділігі мен қызығушылығы қуантады. Мұндай бастамалар халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтып, қоғамда құқықтық мәдениетті дамытуға ықпал етеді, – деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қаиров.
"Құқықтық мәдениет жәрмеңкесі" қала өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, Қарағанды полициясының заңдылықты қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық санасын көтерудегі жүйелі жұмысының айқын көрінісі болды.