Қарағандыда полицейлер студенттерге ақпараттық түсіндіру кездесуін өткізді
Қарағандыда полицейлер студенттерге ақпараттық түсіндіру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің жастар орталығында ақпараттық түсіндіру кездесуін өткізді. Іс-шараға полиция қызметкерлері, облыстық Дін істері басқармасының мамандары және студенттер қатысты.
Кездесу барысында жастарға 2025 жылғы 12 шілдеден бастап қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толық жабатын киімдерді киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістердің мән-жайы түсіндірілді. Бұл нормалар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адамдарды визуалды тануға мүмкіндік беру мақсатында енгізіліп отыр.
Облыстық Дін істері басқармасының оңалту жұмысы бөлімінің басшысы, теолог Сұлтан Рымқұлов студенттерге деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары және әлеуметтік желілерде діни алауыздық тудырудың қауіптілігі туралы кеңінен айтып берді.
Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Гаухар Даирова заңнамаға енгізілген өзгерістерді нақтылап, қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тануға кедергі келтіретін кез келген киім түрлеріне қатысты түсіндірме жасады.
Кездесу барысында мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, жастарды құқықтық сауатты арттыруға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.
