Қарағандыда полицейлер Ұлы Жеңіс күнін ерекше құрметпен атап өтті
Қарағанды полицейлері Ұлы Жеңіс күнін ерекше құрметпен атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай ерлік пен батырлықты ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өткізді. Департамент басшысы Негмет Исмагулов бастаған тәртіп сақшылары мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Отан үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына тағзым етті.
Салтанатты рәсім бір минут үнсіздікпен жалғасып, соғыста шейіт кеткен қаһармандардың ерлігі еске алынды.
Іс-шара аясында Негмет Исмагулов тыл ардагері Ольга Лидің шаңырағына арнайы барып, департамент атынан құрмет көрсетті. Ардагерді мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңіске қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
– Сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Жеңіске жетудегі жанкешті еңбегіңіз – өскелең ұрпаққа үлгі. Сіздің ерен еңбегіңізге Қарағанды облыстық Полиция департаментінің атынан шексіз алғысымды білдіремін, – деді департамент бастығы.
Кездесу барысында ардагерге "Жеңістің 80 жылдығы" мерекелік медалі салтанатты түрде табысталды.
Өз кезегінде Ольга Лли көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін ішкі істер органдары қызметкерлеріне алғысын білдірді.