Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полицейлер жас буынмен ашық әңгіме құрды

Қазақстан полициясы күніне орай Қарағанды қалалық полиция басқармасында ерекше форматтағы шара – ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараға қала тұрғындары мен жоғары оқу орындарының студенттері белсене қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл бастаманың басты мақсаты – жас ұрпақты ішкі істер органдарының қызметімен таныстырып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ тәртіп сақшыларының қоғамдағы маңызды рөлін көрсету.

Ашық есік күніне келген қонақтарға полиция қызметкерлері кең көлемде ақпарат ұсынып, құқықтық тәрбиеге қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінде пайдаланатын арнайы техникамен, материалдық-техникалық құралдармен жақын танысты.

Балалар үшін ең қызықты сәттердің бірі – жедел басқару орталығына экскурсия болды. Қала қауіпсіздігін қадағалайтын бұл орталықтың жұмысы балалардың ерекше қызығушылығын тудырып, олар құқық бұзушылықтарды анықтауда заманауи технологиялардың қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көрді.

Шара барысында тәртіп сақшылары жас қонақтарға жол жүру ережелері, интернет қауіпсіздігі, және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кеңес беріп, нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Ашық есік күні – бұл тек танысу емес, болашаққа бағытталған сенім көпірі. Мұндай шаралар арқылы полиция мен қоғам арасындағы өзара түсіністік пен серіктестік нығая түседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру