Қарағандыда полиция дрондардың көмегімен заңсыз қоқыс тастаушыларды әшкерелеуде
Қарағандыда полиция дрондардың көмегімен заңсыз қоқыс тастаушыларды әшкерелеуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бағдарламасы аясында экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция заманауи технологияларды кеңінен қолданып келеді. Бұдан былай рұқсатсыз қалдық төгу деректерін анықтау үшін тек әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу ғана емес, дрондар секілді жаңа техникалық құралдар да пайдаланылуда.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары дәстүрлі бақылау әдістері жеткіліксіз болатын алыс және қол жетуі қиын аумақтардағы заңсыз қоқыс орындарын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз етудегі тиімді тетіктердің бірі.
Кезекті рейд барысында дронның көмегімен құрылыс қалдықтарының белгіленбеген жерге төгілгені тіркелді. Заң бұзған 53 жастағы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қалдықтарды тасымалдаған көлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Аталған жағдай өңірдегі тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жаңа технологиялардың тиімділігін айқын көрсетті. Қарағанды облысының полиция департаменті тұрғындарды экологиялық нормаларды қатаң сақтауға шақырады әрі табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.