Қарағандыда полиция есірткі сатумен айналысқан күдіктіні құрықтады
Қарағандыда полиция есірткі сатумен айналысқан күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне 25 жастағы қала тұрғыны есірткі сатумен айналысатыны туралы ақпарат түскен. Ақпарат бойынша тәртіп сақшылары күдіктіге қатысты бақылау жүргізді.
Бұған дейін бұл азаматша тәртіп сақшыларының назарына еш ілікпеген. Сондықтанда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері берілген ақпараттың растығына күмәнмен қараған. Алайда күндердің күнінде ол азаматша қаладағы көпқабатты үйлердің біріне барып, кейін белгісіз бір азаматқа бір орам зат берген. Берілген заттың көлемі полицейлердің назарын аударды, содан бірден ол қолға түсті.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 105 грамнан астам мефедрон есірткісі екені белгілі болды.
Полиция қызметкерлері азаматша кірген пәтерді тексеріп, ол жерде есірткі сақтайтын орын бар екенін анықтады. Пәтерден тәртіп сақшылары 240 грамнан астам мефедрон және электрондық таразы тәркіледі. Есірткі сатушыдан тәркіленген заттардың жалпы салмағы 348 грамды құрады.
Азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.