Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полиция мас күйде жолаушы тасымалдаған жүргізушілерді тоқтатты

Қарағандыда полиция мас күйде көлік басқарған жүргізушіні тоқтатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл акция жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Шараның алғашқы екі күнінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 729 жағдайы тіркелді. Ауыр құқық бұзушылықтардың қатарында алкогольдік мас күйде көлік басқарған - 7, қарсы қозғалыс жолағына шыққан - 4 жағдай бар. Сонымен қатар сақтандыру полисінің болмауы (30), техникалық байқаудан өтпеу (23) және рөлде телефон пайдаланудың (54) деректері анықталды. Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін сақтау да қатаң бақылауға алынды – бұл бағытта 35 бұзушылық тіркелген. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 11 фактісі және шетелдік такси жүргізушілеріне қатысты 30 заң бұзушылық белгілі болды.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын кейбір жүргізушілердің жауапсыз әрекеттері алаңдаушылық тудыруда. Қарағанды қаласының патрульдік полиция қызметкерлері екі маршруттық автобустың жүргізушісі мен бір такси жүргізушісін ірі құқық бұзушылықтар үшін ұстады. Атап айтқанда 37 жастағы автобус жүргізушісі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін қайталама рет жауапқа тартылды. Ал 36 жастағы екінші автобус жүргізушісі есірткілік мас күйде жолаушылар тасымалдаған. Сондай-ақ 53 жастағы такси жүргізушісі алкогольдік мас күйде жолаушылар тасымалдағаны үшін ұсталды. Барлық жағдайда жолаушылар түсіріліп, көлік құралдары айып тұрағына қойылды.

Полиция барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Себебі олардың әрекеттері тек өздерінің ғана емес, жолаушылардың да өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру