Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полиция мектеп оқушыларына есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Қарағандыда полиция мектеп оқушыларына есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды қаласындағы №62 жалпы білім беретін мектебінде Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 9–11 сынып оқушыларына есірткіге қарсы профилактикалық бағытта дәріс өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

– Бүгін біз мектеп оқушыларымен кездесіп, оларға есірткінің зияны, оның салдары және құқықтық жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің кеңінен дамуына байланысты жасөспірімдердің түрлі құқыққа қайшы контенттерге тап болып, тіпті есірткі тасымалдаушы ретінде пайдаланылып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында осындай түсіндіру шараларын жүйелі түрде өткізіп келеміз, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрым Садвакасов.

Кездесу барысында оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі толық жауап алды.

– Бүгінгі танымдық іс-шара біз үшін өте маңызды. Өйткені есірткімен күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мен сыныптастарымды және барша жастарды есірткіге қарсы тұруға шақырамын, – деді 9-сынып оқушысы Александра Рогожникова.

Шараға сондай-ақ Қарағанды облыстық полиция департаментінің Кинология орталығының мамандары да қатысты. Олар қызметтік иттердің есірткі заттарын іздеу және анықтау бағытындағы жаттығуларын көрсетіп, оқушыларға мамандықтың қыр-сырын таныстырды.

Айта кету керек, 2024 жылы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының кешенді жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз айналымнан 243 келіден астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленсе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 284 келіден асты.

– Полиция департаментінің бұл бағытта жүргізіп отырған жұмысы өте маңызды деп санаймын. Бүгінгі күні балалардың дұрыс жолды таңдауы, құқыққа қайшы әрекеттерден бойын аулақ ұстауы – ата-ана, ұстаздар және жалпы қоғам алдында тұрған ортақ жауапкершілік. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап осындай іс-шаралар өткізіп, оқушыларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсету – болашақта олардың адаспай, өз жолын дұрыс табуына сеп болады деп сенемін, – деді мектеп директоры Бақытгүл Калекина.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру