Қарағандыда полиция мен бизнес өкілдері есірткіге қарсы күш біріктірді
Қарағандыда полиция мен бизнес өкілдері есірткіге қарсы күш біріктірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қарағанды-Нан" ЖШС, "Үштөбе құс" және "Ренмилк" секілді Қарағанды облысының ірі азық-түлік өндірушілері полиция департаментінің есірткіге қарсы ақпараттық науқанын қолдады.
"Заң және тәртіп" идеологемасы аясында күнделікті тұтынылатын азық-түлік өнімдерінің қаптамаларына есірткі заттарының заңсыз айналымы мен тұтынылуының құқықтық салдарын ескертетін арнайы ақпараттық материалдар орналастырылатын болады.
Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған бұл тың тәсіл ақпаратты дәстүрлі арналардан сирек алатын азаматтарды да қамтуға мүмкіндік береді. Нан, сүт өнімдері және басқа да бірінші кезектегі тауарлардың қаптамасына жапсырылған ескерту парақшалары салауатты өмір салтын ұстану мен заң алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын күнделікті еске салады.
Қарағанды облысының полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік пен халықтың денсаулығын қорғау ісіне үлес қосуға дайын кәсіпорындарға алғыс білдіреді. Бизнес пен полицияның бірлескен әрекеті – әрбір азамат есірткіге қатысты қауіп-қатерді сезініп, денсаулық пен амандықты таңдайтын қауіпсіз әрі сау қоғам құрудағы маңызды қадам.