Қарағандыда полиция мен күзет агенттіктері қоғамдық қауіпсіздік үшін күш біріктірді
Қарағандыда полиция мен күзет агенттіктері қоғамдық қауіпсіздік үшін күш біріктірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында полиция мен күзет құрылымдарының өзара іс-қимылын нығайтуға арналған маңызды жиын өтті. Іс-шара Күзет ұйымдары қызметкерлері күні қарсаңында облыстық полиция департаментінің базасында ұйымдастырылды.
Кездесуге өңірдегі жетекші күзет агенттіктерінің басшылары, полиция қызметкерлері және өзге де құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Басты мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік және жеке құрылымдардың өзара ынтымақтастығын арттыру.
Қарағанды облысы ролиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров өз сөзінде қазіргі заманда қауіпсіздік саласында кешенді тәсілдің маңыздылығына тоқталды:
- Қоғамдық тәртіпті сақтау – тек полицияның ғана емес, барлығымыздың ортақ міндетіміз. Қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған күзет құрылымдары бүгінгі күні біздің сенімді серіктестеріміз болып отыр, – деді ол.
Жиын барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, күзет қызметін жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылады.
Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Рубен Овсепян полиция мен жеке күзет ұйымдарының бірлескен жұмысы туралы баяндама жасады.
"САЛЕРС" агенттігінің өкілі И.Камалитдинов жедел әрекет ету топтарының қызметін ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.
"Минотавр KZ" компаниясының директоры Р.Садыков нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі пульттік күзеттің рөлі туралы айтты.
Қарағанды облысы бойынша ҰҚК департаментінің өкілі М.Евдокимович күзетілетін нысандардың антитеррорлық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жөнінде түсіндірме берді.
Ал "Гарант" оқу орталығының жетекшісі Р.Ширинов күзет құрылымдары арасындағы кәсіби шеберлік сайыстарының қорытындысын жариялады.
Кездесу соңында өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосқан күзет ұйымдарының жетекшілері мен оқу орталықтарының директорларына алғыс хаттар мен грамоталар табыс етілді.
