Қарағандыда полиция қызметкерлері бейнекамералар арқылы зейнеткердің ақшасы мен құжаттарын ұрлаған жігітті қолға түсірді
Қарағандыда полиция қызметкерлері бейнекамералар арқылы зейнеткердің ақшасы мен құжаттарын ұрлаған жігітті қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 шілдеде 67 жастағы қала тұрғыны Қарағанды қаласының ПБ Теміржол полиция бөліміне көмек сұрап хабарласты. Белгісіз біреу зейнеткердің ақша мен құжаттар салынған әмиянын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын мөлшері 60 мың теңгені құрайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ұрлық жәбірленуші тауар сатып алып жатқан дүкендердің бірінде болған. Өзімен бірге алып жүрген рюкзактан, белгісіз біреу әмиянды байқатпай ұрлап кеткені анықталды.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жақын орналасқан бейне камераларды қарау арқылы, сауда нүктесінен шығып ұрланған әмиянды ақтарып қарай бастаған ер адамды анықтады.
Камералардың біріне ұрының ақшаны қалай алып кеткені және құжаттары бар әмиянды қоқыс жәшігіне лақтырып жібергені анық жазылып қалған. Полиция құжаттары бар әмиянды тауып жәбірленушіге қайтарып берді.
9 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 20 жастағы жігітті ұстады. Ол кінәсін мойындап, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.