Қарағандыда қар құрсауында қалған жолаушыларға көмектескен автоеріктілер марапатталды
Қарағандыда қар құрсауында қалған жолаушыларға көмектескен автоеріктілер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2023 жылдың 29 желтоқсаны мен 2024 жылдың 2 қаңтар аралығында Қарағанды облысында ауа райы күрт өзгеріп, ақтүтек боран басталғалы көлік ағынына шектеу қойылып, полиция департаментімен республикалық маңызы бар автожолдарға бекеттер қойылғаны белгілі.
Бес күн ішінде полиция қызметкерлерімен жолда қалған 18 мың автокөлік жақын маңдағы елді-мекендерге жеткізілді. Тек, Астана қаласына қарай бағытта 4 мыңнан астам, яғни қоғамдық, жүк және жеңіл көліктер жиналып қалды. Олардың ішінде 7 мыңнан азамат жолда қалды, оның 800-і бала.
Тәртіп сақшылары мемлекеттік орган қызметкерлерімен бірлесіп, 500 адамды, оның ішінде 80 баланы эвокуациялап, жылы орындарға жеткізіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Айта кету керек, осындай жұмыстар кезінде полицияға көмек қолын созған автоеріктілер де өздерінің жол талғамайтын көліктерімен жолда қалғандарды құтқаруға көмектесті.
3 қаңтар күні Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов оларды полиция департаментіне шақырып, арнайы сый құрмет көрсетті.
– Жаңа жыл қарсаңында ауа райының күрт нашарлауынан жолдағы қозғалыс қиындап, бірнеше адам діттеген жеріне жете алмай қалды. Сол кезде біздің тәртіп сақшыларына автоеріктілер көмек қолын созып, өздерінің азаматтық борышын адал орындады. Сондықтан мен бүгін оларды департаментке шақырып, менің бұйрығыммен марапаттағалы отырмын. Барша еріктілерге алғыс білдіремін. Қоғам тыныштығы жолында атқарып жатқан өлшеусіз еңбектеріңіз ешқашан еленбей қалмайды, – деді Санжар Әділов.
Полиция департаменті бастығының бұйрығымен 3 азаматқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағат табысталса, 7 адамға полиция департаменті бастығының алғыс хаты берілді.
Еңбектерін елеп, құрмет көрсеткен департамент басшылығына автоеріктілер де алғысын білдірді.