Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Қарағандыда Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аймақ басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер мен полиция қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларын құттықтап, үздік қызметкерлер мен ардагерлерге құрмет грамоталарын табыстады. Сондай-ақ ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталған полицейлерге төсбелгілер мен алғыс хаттарды Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов салтанатты түрде тапсырды.

Шара барысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының отбасыларына да ерекше құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиын әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш аясында полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы, ақын Қуаныш Медеубаевтың сөзіне жазылған Айжамал Айтжанның "Қазақстан полициясы" әнінің тұсаукесері өтті. Бұл туынды – құқық қорғау саласындағы ерлік пен адалдықтың музыкалық көрінісіне айналды.

Кеш қонақтарына еліміздің танымал өнер иелері — Қуандық Рахым, "Абырой" тобы және Ибрагим Ескендір өз өнерлерін тарту етіп, әннен шашу шашты.


Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру