Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді

Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаз айларында облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мақсатында Қарағанды қаласында полиция жасақтарының қызметі күшейтілді. Қоғамдық орындарда тәртіпті қадағалауға полиция қызметкерлерімен қатар еріктілер мен полицияның қоғамдық көмекшілері де тартылатын болады.

Осы мақсатта Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың қатысуымен жалпы саптық таратылым өткізілді. Іс-шара барысында департамент басшысы жеке құрамның қызметке дайындығын тексеріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде белсенділік танытқан тәртіп сақшыларын, Ұлттық Ұлан жауынгерлерін, полицияның қоғамдық көмекшілері мен еріктілерді алғыс хаттармен марапаттады.

– Қызмет барысында азаматтардың қауіпсіздігін сақтау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – басты міндет. Биылғы жыл Ішкі істер министрінің тапсырмасымен “Профилактика жылы” болып жарияланды. Сондықтан қылмыстың алдын алу шараларын жүйелі түрде әрі нәтижелі ұйымдастыруымыз қажет. Қазіргі уақытта облыс аумағында “Қауіпсіз жол” және “Жасөспірім” жедел алдын алу шаралары өтіп жатыр. Басты мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтарға жол бермеу. Қарағанды полициясы бұл бағыттағы жұмыстарды абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Негмет Исмагулов.

Жалпы саптық таратылым бір мезетте облыстың барлық қала және аудан аумақтарында өтті. Қала орталығындағы іс-шараға мыңға жуық адам – тәртіп сақшылары, еріктілер, ардагерлер, “ҚазАвтоЖол” және күзет ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиын салтанатты саптық шеру өткізумен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру