Қарағандыда құрылыс алаңынан ұрлық жасаған жеке тасымалдаушыға сот үкімі шықты
Қарағандыда құрылыс алаңынан ұрлық жасаған жеке тасымалдаушыға сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Жаңа Майқұдық полиция бөліміне құрылыспен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бригадирінен арыз түсті. Белгілі болғандай, белгісіз біреулер ол басқаратын құрылыс алаңына түнгі уақытта кіріп, жалпы құны 383 мың теңге болатын электрқұралдарын ұрлап кеткен. Соның салдарынан құрылысшылар тиісті жұмысты жасай алмаған.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы азамат ұсталды. Оның жеке тасымалдаушы болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Жұмыс уақытында оның көлігіне сол жерде жұмыс істейтін жұмыскерлердің бірі мінген. Сол арқылы құрылыс алаңында қолды қылған заттардың бар екенін білген. Күдіктіден айғақ заттар тәркіленіп алынды. Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің қылмысы толығымен дәлелденді.
Қылмыстық іс сотқа жолданып, күдікті 3 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.