Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда Республика күніне орай жас сақшылар арасында спорттық жарыс өтті

Қарағандыда Республика күні мен "Динамо" қоғамының 100 жылдығына орай жас сақшылар арасында спорттық жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағандыда Республика күні мен "Динамо" қоғамының 100 жылдығына арналған дәстүрлі спорттық дода өтті. Байрақты бәсекеде жас сақшы сыныптарының оқушылары футбол, дойбы және шахматтан өзара бақ сынасты.

Жарысқа Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Бұқар жырау ауданынан барлығы тоғыз команда қатысты. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында заң мен тәртіпті құрметтеу, сондай-ақ жасөспірімдерді салауатты өмір салтына және спортқа баулу.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нуриддин Дауылбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың тәрбиелік маңызына тоқталды.

— Бүгінгі жарыс – патриоттық рухты нығайтып, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуға бағытталған маңызды іс-шара. Республика күні қарсаңында болашағын полиция қызметімен байланыстыруды мақсат еткен оқушылардың спорттағы жетістіктері біз үшін зор қуаныш. Барша қатысушыларға жеңіс пен табыс тілеймін, – деді Нуриддин Дауылбаев.

Күн бойы жалғасқан жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Жас спортшылар жеңіс тұғырынан көріну үшін бар күш-жігерін салды.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік атанған командалар мен қатысушылар полиция департаменті бастығының алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру